Бұқар жырау Қалқаманұлы (1668—1781) — қазақтың ұлы жырауы, 18 ғасырда. жоңғар басқыншыларына қарсы Қазақ-жоңғар соғысының бастаушысы әрі ұйымдастырушысы болған атақты Абылай ханның ақылшысы әрі кеңесшісі. Сөйлегенде үнемі қара сөзбен емес, көмекейі бүлкілдеп, түйдек-түйдек жырмен сөйлейтін болған. Көбіне-көп Абылай ханның өтінішімен, «сәуе айтшы» деген тілегімен түсінде көрген істерін болжап айтады екен, бұлары дәлме-дәл келіп отырған. Жұрт оны сондықтан «Көмекей әулие» деп атап кеткен екен.
Жырау қазақ халқының жоңғар басқыншылығы кезінде, елдің болашағы қыл үстінде тұрған кезде өмір сүріп, сол замандағы күрделі мәселелерге өз жырларымен жауап бере білген. Осындай ауыр сәттерде Абылай ханға дұрыс кеңес беріп, ел-жұртты жауға қарсы күресте біріктіруге, бір тудың астына топтастыруға күш салған. Өзінің саяси-әлеуметтік мәнді жыр-толғауларымен сол жалынды күрестің жыршысына айналған. Жырау осы азаттық жолында өлімге бас байлап, ерліктің небір ғажайып үлгілерін көрсеткен хан мен оның батырларын жырға қосып, олардың өшпес әдеби бейнелерін жасаған. Әсіресе, Абылай ханның көрегендігі мен даналығын, ауыр кезең, қиын сәттерде ел ұйытқысы бола білгенін жыр толғауында жырлаған. Оның «Абылай ханның қасында», «Ал, тілімді алмасаң», «Ай, Абылай, Абылай», «Қазақтың ханы Абылай», «Ханға жауап айтпасам», «Басыңа біткен күніңіз», «Ай, Абылай, сен он бір жасыңда», «Ал, айтамын, айтамын» атты толғауларында ханның сол кездегі ұстанған саясаты мен көрегендігі, алғырлығы мен білгірлігі сипатталған. Ал «Садыр, қайда барасың?», «Бұқарекең біз келдік, Ақан, Төбет байларға» деген жырларында ол ел болашағы, татулық мәселелерін сөз еткен. Бұқар жыраудың кез келген жыр толғауы даналық ойға ,ғибратқа толы. Бұл жырлардың үгіт-насихаттық, дидактикалық сипаты басым. Бұқар жыраудың толғаулары, шын мәнінде Абылай дәуірінің айнасы болып табылады. Бұқар жырау шығармаларына халқымыздың біртуар жазушысы М.Әуезов өз бағасын беріп кеткен. «Жырау... заман сыншысы, сөйлесе шешілмеген жұмбақ, түйіні шатасқан сөздерді ғана сөйлейді. Өзі тұрған заманның белгілеріне қарап, келешек заман не айтатынын болжайды. Сөзінің бәрі терең ой, терең мағынамен сөйлейді. Сыртқы түрі құбажондатқан толғау, салыстырған суреттермен ұқсатқан нобай, жағалатқан белгімен келеді... Не айтса да, көптің мұңы мен қамы, көптің жәйі туралы: не көпке арнаған ақыл, өсиет есебінде айтылады», - дейді М.Әуезов. Бұқар жырау мұрасын жинауда, жариялауда және зерттеуде Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Ш.Уәлиханов, М.Әуезов, С.Сейфуллин, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, М.Мағауин, Р.Сыздықова секілді ұлт зиялылары еңбек сіңірген. Ұлтының тамаша рухани адамгершілік қасиеттерін бойына дарытқан көкірегі даңғыл, алмас тілді, дуалы ауыз кемеңгері бола білген Бұқар бабамыз халқымыздың мақтанышы.
Тлеубекова Р.К
Тарих пәнінің мұғалімі
|